ГАЖ және аэроғарыштық әдістер негізінде қарағайлы орман жамылғысының өзгерісін NDVI және FCD көрсеткіштерімен бағалау
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.51452/kazatu.2025.1(124).1863Ключевые слова:
NDVI; FCD; GIS; aerospace method; Landsat; forest degradation.Аннотация
Алғышарттар мен мақсат. Бұл мақалада қарағайлы орман жамылғысының өзгерісі NDVI (Normalized Difference Vegetation Index) және FCD (Forest Canopy Density) индекстерін қолдану арқылы сандық бағаланды. Орман экожүйелеріне климаттық өзгерістер мен антропогендік факторлардың әсері талданып, орман жамылғысының өзгерісін сандық бағалау үшін аэроғарыштық әдістердің тиімділігі қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – 2008 және 2023 жылдар аралығында қарағайлы орман жамылғысының өзгерісін NDVI және FCD индекстері негізінде салыстырмалы түрде бағалау. Сонымен қатар, екі әдістің нәтижелерін салыстыру арқылы олардың дәлдігін анықтау және орманның деградациясы мен қалпына келу үрдістерін сипаттау көзделген.
Материалдар мен әдістер. Зерттеу барысында Landsat 5 TM және Landsat 9 OLI спутниктік деректері пайдаланылды. Географиялық ақпараттық жүйелер (ГАЖ) платформалары ретінде Google Earth Engine (GEE) және ArcGIS қолданылды. Деректерді алдын ала өңдеу кезеңдері атмосфералық түзету, бұлттардан тазарту, радиометриялық және геометриялық түзету қадамдарынан тұрды. Орман жамылғысын бағалау үшін FCD мен NDVI әдісі пайдаланылды.
Нәтижелер. Зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша, Семей орманы аумағында 2008-2023 жылдар аралығында орман жамылғысының айтарлықтай қалпына келгені анықталды. NDVI әдісі бойынша ормансыз аумақтар 25,5%, сирек ормандар 11,7% қысқарса, қалың ормандар 37,2% артты. FCD әдісі бойынша ормансыз аумақтар 22,2%, сирек ормандар 10,7% төмендеп, қалың ормандар 32,8% артқаны байқалды. Екі әдіс те орман жамылғысының оң динамикасын көрсетті, алайда NDVI әдісі орман жамылғысының өзгерісін FCD әдісіне қарағанда жоғары мәндермен бағалайтыны анықталды.
Қорытынды. Зерттеу нәтижелері «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы қарағайлы орман жамылғысының соңғы 15 жыл ішінде қалпына келгенін көрсетті. Ормансыз аумақтардың үлесі айтарлықтай қысқарып, орман жамылғысының тығыздығы мен көлемі артқаны анықталды. Бұл өзгерістер табиғи регенерация, орманды қалпына келтіру бағдарламалары және климаттық факторлармен байланысты. NDVI және FCD әдістерін қатар қолдану орман экожүйесінің өзгерісін кешенді бағалауға мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер Қазақстанның басқа да табиғи аймақтарында қолданылуы мүмкін және орманды басқару стратегияларын әзірлеуге негіз бола алады.