Қазақстанның оңтүстік-шығысы жағдайында топырақ-климаттық жағдайлар мен агротехникалық тәсілдердің қауын дақылының (Cucumis melo L.) өнімділігі мен өнім сапасына әсері

Авторы

  • Тайшибаева Э.У. «Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС «Қайнар» өңірлік филиалы
  • Мамырбеков Ж.Ж. «Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС «Қайнар» өңірлік филиалы
  • Махмаджанов С.П. «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС
  • Айтбаева А.Т. «Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС «Қайнар» өңірлік филиалы
  • Зоржанов Б.Д. «Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС «Қайнар» өңірлік филиалы

DOI:

https://doi.org/10.51452/eaj.2026.2(130).2180

Ключевые слова:

қауын (Cucumis melo L.); сұрып; топырақ-климаттық жағдайлар; агротехнологиялар; өнімділік; сапалық көрсеткіштер.

Аннотация

Түйін
Алғышарттар мен мақсат. Қазақстандық қауын (Cucumis melo L.) әлемге татымды жемістерімен аса танымал. Бүгінде ішкі нарық қауын өнімдерімен толық қамтамасыз етіліп отыр, дегенмен, экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында өндіріс алқаптарын ұлғайту қажет. Елімізде бақша өндірісінің басым бөлігі оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде шоғырланған, себебі аталған өңірлердің топырақ-климаттық жағдайлары қауын дақылын үлкен көлемде өндіруге мүмкіндік
береді. Осыған орай, біздің зерттеулеріміз Қазақстанның оңтүстік-шығысы жағдайында қауын
дақылының өнімділігі мен жеміс сапасына топырақ типтерінің әсерін кешенді бағалауға, тиімді себу нобайын, өсімдіктердің оңтайлы отырғызу тығыздығы мен себу мерзімдерін анықтау арқылы қауын өсірудің тиімді агротехникалық тәсілдерін жетілдіруге бағытталды.
Материалдар мен әдістер. Ғылыми-зерттеулер 2024–2025 жж. аралығында «Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС «Қайнар» өңірлік филиалында және «Жаңалық» шаруа қожалығы жағдайында жүргізілді. Тәжірибелер 4 қайталанымда, жүйелі блоктар әдісімен қойылды. Зерттеуде қауынның пісу мерзімі әртүрлі 5 сұрыбы қолданылды.
Алынған нәтижелер статистикалық өңдеуден өткізілді.
Нәтижелер. Зерттеу нәтижелері гранулометриялық құрамы бойынша құмайт, құрылымы түйіртпекті, кәдімгі боз топырақ жағдайында өсірілген қауын жемістерінің өнімділігі мен сапалық көрсеткіштері жоғары болғаны анықталды. Бұл топырақ-климаттық жағдайында
өнімділік орташа құмбалшықты, күңгірт қара-қоңыр топырақпен салыстырғанда 6,7- 48,5%-ға жоғары болды.
Сонымен қатар, қауын дақылының өнімділігі мен сапалық көрсеткіштері себу мерзімі мен өсімдік тығыздығына тікелей тәуелді болатыны анықталды. Өсімдіктердің шамадан тыс тығыз орналасуы өнімділіктің төмендеуіне әкелді. Зерттеу нәтижелері қауын өсіру үшін ең тиімді себу нобайы 280×70×70 см және өсімдіктерді оңтайлы тұру тығыздығы 10,2 мың дана/га екені дәлелденді. Тұқымдық материалды мамыр айының І-ІІ-онкүндіктерінде себу, жоғары өнім қалыптастыруға, жемістердегі құрғақ заттар мен жалпы қант мөлшерін арттыруға және дәмдік сапасын жақсартуға оң әсер ететіні белгіленді.
Қорытынды. Қауын дақылының өнімділігі мен жемістерінің сапасын арттыру үшін өңірдің топырақ-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, себу мерзімдерін дұрыс таңдау және өсімдік тығыздығын оңтайландыру шешуші рөл атқарады. Зерттеу нәтижелері тиімді агротехникалық тәсілдерді қолдану арқылы қауын дақылының өнімділігін арттыруға және өндірістің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді.

Опубликован

2026-06-30

Выпуск

Раздел

Сельскохозяйственные науки