Тұзға төзімді бактериялардың зығыр тұқымының өнгіштігі мен өскінінің дамуына әсері

Авторы

  • Максутбекова Г.Т. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті
  • Науанова А.П. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті
  • Баимбетова Э.М. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті
  • Аманжолова А.А. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті

DOI:

https://doi.org/10.51452/kazatu.2025.3(127).1966

Ключевые слова:

микроағза; тұзға төзімділік; сұрып; штамм; майлы зығыр; топырақ.

Аннотация

Алғышарттар мен мақсат. Дүниежүзіндегі суармалы жерлердің шамамен 11% тұзданған алқаптар құрайды. Мұндай жерлердің көлемін экологиялық тәсілдер арқылы арттыру ‒ топырақ құнарлылығын сақтай отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін тұрақты деңгейде ұстап тұру жолдарын іздеуді маңызды мәселеге айналдыруда. Соңғы жылдары пайдалы микроағзаларды пайдалану осы саладағы зерттеулердің болашағы зор бағыттарының біріне айналды. Өсімдіктердің өсуіне ықпал ететін саңырауқұлақтар мен бактериялар сияқты пайдалы микроағзаларды қолдану топырақтың тұздануы жағдайында өсу мен дамуына оң әсер етуі мүмкін, сондай-ақ азотты бекіту процестерін оңтайландыру, өсімдік гормондарын өндіру, түйнектер қалыптастыру, қоректік заттарды тұтыну және өсімдіктерді патогендерден қорғау арқылы топырақ құнарлылығының көрсеткіштерін жақсартуға септігін тигізеді. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде маңызды шаралардың бірі болып табылады. Жұмыстың мақсаты Солтүстік Қазақстанның тұзға төзімді өсімдіктерінің ризосферасынан бөліп алынған штамдардың дәнді дақылдар тұқымдарының бастапқы өсу кезеңдеріне әсерін бағалау болып табылады.

Материалдар мен әдістер. Бактериялық штамдардың түрлік идентификациясы 16S rRNA генінің фрагментін ПТР арқылы амплификациялау және секвенирлеу әдістері арқылы жүргізілді. Жұмыс барысында «Кустанайский янтарь» майлы зығыр сұрыпы тұқымдарының өсуіне тұзға төзімді микроағзалардың әсерін бағалау мақсатында тұқымдар 24 сағат бойы микроағзалардың 10⁶ жасуша/мл титрі культуральды сүзінділерімен, ал бақылау үшін алынған тұқымдар дистилденген сумен өңделді. Одан кейін тұқымдар бөлме температурасында қалдырылып, 7 тәуліктен соң өскіндердің санын есептеу арқылы тұқымдардың өнгіштігі анықталды. Тұқымның өнгіштігі мен өсу қарқындылығы формула бойынша есептелді.

Нәтижелер. 2024 жылы «БИО-KATU» ЖШС нің микроағзалар биотехнологиясы зертханасында Солтүстік Қазақстан аймағындағы тұзға төзімді өсімдіктер ризосферасынан бөлініп алынған микроағзалардың майлы зығырдың тұқымының өсуін ынталандыру мүмкіндігі зерттеліп, алынған деректер ұсынылды. Зерттеу барысында 7 штамм іріктеліп алынды.

Қорытынды. Зерттеу нәтижесінде алынған штамдардың өсуді ынталандыру қасиеттері майлы зығыр тұқымдарының сапасына оң әсер еткендігі байқалды. Тұқымды культуралды сүзінділермен өңдеу нәтижесінде тұқымның өнгіштігі мен өсу қарқындылығы 5% - 8,4% дейін, ал тамырларының ұзындығы 50,2% дейін артты. Өсімдіктің өсуі мен дамуына оң ықпал еткен Paracoccus carotinifaciens 46Р, Bacillus pumilus 54Р, Paracoccus  marcusii 58Р, Bacillus megaterium 60Р, Streptomyces corchorusii 79Р, Microbacterium oxydans 91Р, Microbacterium oxydans 97Р штамдары іріктеліп алынды. Бұл штамдар тұзды топырақтарды қалпына келтіру мақсатында биопрепараттар мен консорциумдар құрастыруда қолданылатын болады.

Опубликован

2025-09-30