Қалмақ тұқымы малының әртүрлі жастағы бұқашықтары мен қашарларын өсіру технологиясының тірілей салмағы мен ет өнімділігіне әсері
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.51452/eaj.2026.3(131).2254Ключевые слова:
қалмақ тұқымы; бұқашықтар; қашарлар; өсіру технологиясы; қарқынды бордақылау; ет өнімділігіАннотация
Алғышарттар мен мақсат. Ет бағытындағы ірі қара мал шаруашылығында өнімділікті арттырудың маңызды бағыттарының бірі – жас малды ғылыми негізде өсіру және азықтандыру технологияларын қолдану болып табылады. Осыған байланысты қалмақ тұқымы малының әртүрлі өсіру технологиялары жағдайындағы өнімділік көрсеткіштерін бағалау өзекті мәселе болып саналады. Зерттеудің мақсаты – қалмақ тұқымы бұқашықтары мен қашарларын әртүрлі өсіру технологиялары жағдайында өсірудің тірілей салмағы мен ет өнімділігіне әсерін анықтау.
Материалдар мен әдістер. Зерттеу «Қазақ Асылдары» ЖШС-де (Ақтөбе облысы, Қобда ауданы) жүргізілді. Зерттеу нысаны ретінде 9, 12, 15 және 18 айлық қалмақ тұқымы бұқашықтары мен қашарлары алынып, аналогтар қағидаты бойынша бақылау (жайылымдық өсіру) және тәжірибелік (қорада қарқынды өсіру) топтарына бөлінді. Зерттеу барысында тірілей салмақ,
абсолюттік және орташа тәуліктік салмақ өсімі, ет өнімділігі мен ұша морфологиялық құрамы анықталды.
Нәтижелер. Қарқынды өсіру технологиясы қолданылған тәжірибе тобында барлық өнімділік көрсеткіштері бақылау тобынан жоғары болды. 18 айлық жаста бұқашықтардың тірілей салмағы 40,2 кг, қашарларда 31,7 кг артты. Абсолюттік салмақ өсімі бұқашықтарда 15,4%, қашарларда 15,0% жоғары болды. Сонымен қатар, тәжірибе тобында ұша салмағы, сойыс салмағы, сойыс
шығымы және ұшадағы ет үлесі жоғарылап, сүйек үлесі төмендеді.
Қорытынды. Қорада қарқынды бағып-күту және теңгерімді азықтандыру технологиясы қалмақ тұқымы жас малының өсу энергиясын, ет өнімділігін және ұша сапасын арттыруда тиімді екені анықталды. Алынған нәтижелер аталған технологияны ет бағытындағы ірі қара мал шаруашылығында өндірістік жағдайда кеңінен қолданудың тиімділігін дәлелдейді.