Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі сібір елігі мен қабанның таралуы мен саны
DOI:
https://doi.org/10.51452/eaj.2026.1(129).2129Ключевые слова:
мемлекеттік ұлттық табиғи парк; қабан; сібір елігі; саны; таралуАннотация
Алғышарттар мен мақсат. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жұптұяқты жануарлар популяциясының жай-күйін зерттеу биоалуантүрлілікті сақтау тұрғысынан өзекті мәселе болып табылады. Мақалада Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында мекендейтін сібір елігі (Capreolus pygargus Pallas, 1771) мен қабанның (Sus scrofa, Linnaeus, 1758) таралу
ерекшеліктері және санының динамикасы қарастырылған. Аталған түрдің таралу ерекшеліктері
мен санының динамикасын зерттеу популяцияларды тиімді қорғау шараларын ғылыми негізде ұйымдастыру үшін маңызды болып саналады.
Материалдар мен әдістер. Зерттеу жұмыстары 2024-2025 жылдары Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жүргізілді. Зерттеу нысандары ретінде парк аумағында тіршілік ететін сібір елігі мен қабан популяциялары алынды. Зерттеу бағдарламасына сәйкес аталған түрлердің табиғи парк аумағындағы таралу ерекшеліктері, есепке алу көрсеткіштері,
азықтық қоры және популяциялық құрылымы анықталды. Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде сібір елігінің таралу ерекшеліктерін айқындау мақсатында далалық бақылаулармен қатар, арнайы әзірленіп, орманшылар мен аңшылық мамандары арасында таратылған сауалнамалардың нәтижелері де пайдаланылды.
Нәтижелер. Бақылау жұмыстары барысында аталық және аналық дарақтардың биотоптар бойынша таралу ерекшеліктерінде айырмашылықтар бар екені анықталды. Санақ нәтижелері сібір елігі мен қабан популяцияларының жыныстық-жастық құрылымында филиалдар арасында айырмашылықтар бар екенін көрсетті. Бұл жағдай парк аумағындағы мекендеу ортасының алуандылығымен және азықтық ресурстардың кеңістікте бөлінуімен байланысты екені
анықталды.
Қорытынды. Алынған нәтижелер «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағындағы сібір елігі мен қабан популяцияларының экологиялық ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және осы түрлерді қорғау, тұрақты пайдалану, мониторинг жүргізу мен басқару стратегияларын әзірлеу үшін маңызды ғылыми негіз болып табылады. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері антропогендік қысымды азайтуға және негізгі мекендеу аймақтарын сақтауға бағытталған табиғатты қорғау
шараларын жетілдіруге септігін тигізеді.