Тұзға төзімді микроағзалардың тұқымның өсуі мен дамуына тигізетін әсері
DOI:
https://doi.org/10.51452/kazatu.2025.2/1(126).1926Ключевые слова:
микроағза; өсуді белсендіру; арпа; өнгіштік; культура; штамм.Аннотация
Алғышарттар мен мақсат. Бүгінгі күнге дейін заманауи микробиологиялық әдістердің топырақ құнарлылығын реттеудегі рөлі, ауыл шаруашылығы дақылдарының физиологиялық-биохимиялық ерекшеліктері және өсімдік ағзасындағы зат алмасу процестерін басқару механизмдері жеткілікті түрде дәлелденген. Өсімдіктердің өнімділігін арттыруда топырақтан қоректік заттардың сіңірілу қарқындылығын реттеудің, яғни тамыр арқылы қоректік заттардың сіңірілуін арттыру мақсатында топырақ микроағзаларының белсенділігін арттырудың органикалық ауыл шаруашылығын дамытуда өзектілігі зор. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруді жетілдіруде микробты-өсімдік жүйелерін қалыптастыру заңдылықтарын және олардың тиімділігін арттыру жолдарын зерттеу ең тиімді бағыттардың біріне жатады. Зерттеудің мақсаты Солтүстік Қазақстанның тұзды топырағы микрофлорасынан бөліп алынған штамдардың дәнді дақылдардың өсуін белсендіру қасиеттерін анықтау.
Материалдар мен әдістер. Жұмыс барысында тұзға төзімді штамдардың «Целинный 2005» арпа сұрыпының тұқымдарын зертханалық жағдайда өсіруде белсендіру қасиеттері зерттелді. Ол үшін тұқымдар микроағзалардың культуралды сүзінділерімен (титрі 10⁶ кл/мл) 24 сағат бойы өңделді, салыстыру мақсатында алынған бақылау штамына дистилденген су құйылды. Бөлме температурасында 7 тәулік сақталған соң тұқымның өнгіштігі нақты уақытта қалыпты өскіндердің санын есептеу арқылы анықталды және тұқымның өнгіштігі мен өсу қарқындылығы формула бойынша есептелді.
Нәтижелер. Солтүстік Қазақстанның тұзға төзімді өсімдіктері ризосферасынан алынған микроағзалар 2024 жылы «БИО-KATU» ЖШС микроағзалар биотехнологиясы зертханасында зерттеліп, «Целинный 2005» арпа сұрыпының тұқымдарының өсуін белсендіру қасиеттері зерттеліп, нәтижесі келтірілді. Зерттеу барысында 6 культура іріктеліп алынды.
Қорытынды. Арпаның «Целинный 2005» сұрыпы тұқымдарының өсу параметрлеріне әсерін іn vitro жағдайда зерттеу нәтижесінде алынған штамдардың өсуді ынталандыру қасиеттері арпа тұқымдарының сапасына оң әсер еткендігі байқалды. Тұқымды культуралды сүзінділермен өңдеу нәтижесінде тұқымның өнгіштігі 1,67 есе, ал өсу қарқындылығы 1,25 есеге дейін артты. Тамырларының ұзындығы 37% дейін, ал өскіндердің өсуі шамамен 9,5% артты. Жұмыстың нәтижесінде дәнді дақылдарды белсендіруде жоғары нәтиже көрсеткен Sphingobacterium caeni 2P, Halomonas meridiana 48Р, Staphylococcus pasteuri 50P, Flavobacterium frigidimaris 61P, Sphingobacterium faecium 70P, Streptomyces europaeiscabiei 85P штамдары таңдап алынды, олар тұзды топырақтарды қалпына келтіру мақсатында биопрепараттар мен консорциумдар құрастыруда қолданылатын болады.