СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІЛІК ӨСІМДІКТЕРДІ ӨСІРУ
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.51452/kazatu.2022.1(112).885Ключевые слова:
өсіру агротехникасы, дәрілік өсімдіктер, биометриялық көрсеткіштер, азот тыңайтқыштары, өнімділігі, тұқымның өнгіштігі, сақталуыАннотация
Солтүстік Қазақстанда дәрілік шөптерді өсірудің агротехникасын зерттеу басталды. Фармакология бойынша жабайы өсімдіктерден кем түспейтін сапалы шикізат алу үшін агротехникалық нормалар мен әдістерді сақтау қажет. Аудандастыруды ескерместен немесе басқа аймақтарға арналған ұсыныстарға сәйкес өсірілген материал фармакология тұрғысынан пайдасыз болуы мүмкін. Сондықтан осы зерттеулердің жаңалығы өңірлік аудандастыру бөлінісінде және сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді интродукциялауды қолдана отырып, дәрілік өсімдіктерді өсіру жөніндегі ғылыми-негізделген іс-шараларды әзірлеуден тұрады. Зерттеудің мақсаты: Солтүстік Қазақстанда дәрілік шөптерді өсірудің оңтайлы тәсілін әзірлеу. Ақмола облысында «Көктерек» шаруа қожалығы жерінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нысандары ретінде дәрілік шөптердің келесі түрлері таңдалды: күңгірт қызылкүрең (Echinacea purpurea Moench), дәрілік сәлбен (Salvia officinalis), кәдімгі жұпаргүл (Origani vulgaris), лимондық көкбасшөп (Népeta catária), жаздық жанаргүл (Adónis aestivális), биік андыз (Ínula helénium), жатаған жебіршөп (Thymus serpyllum). Азот тыңайтқышын пайдалану барлық өсімдіктер тұқымдарының далалық өнгіштігінің артуына әсер еткені анықталды, өйткені тәжірибемен салыстырғанда бақылауда далалық өну 6,3 – 62,8% - ға төмен болды. Дәрілік сәлбен, кәдімгі жұпаргүл, жатаған жебіршөп, жаздық жанаргүл және лимондық көкбасшөпте бір өсімдіктің жербеті бөлігінің абсолюттік құрғақ массасы тәжірибеде бақылаудағы ұқсас көрсеткіштен 12,6 – 18,0% - ға асып түсті. Тәжірибелік учаскеде лимондық көкбасшөп, кәдімгі жұпаргүл, дәрілік сәлбен, жатаған жебіршөп және жаздық жанаргүлдің өнімділігі бақылауға қарағанда 1,7-35,8-ге көп болды. Сондықтан азот тыңайтқыштарын қолдану дәрілік шөптердің биометриялық көрсеткіштеріне және шығымдылығына негізінен оң әсер етеді. Бірақ күңгірт қызылкүрең мен биік андызды өсіру кезінде минералды тыңайтқышты қолданбау ұсынылады.