Қазақстанның агроклиматтық аймақтарында зиянды саяқ шегірткелердің фенологиялық дамуын кеңістіктік талдау негізінде болжау
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.51452/eaj.2026.3(131).2284Аннотация
Алғышарттар және мақсат. Зиянды саяқ шегірткелердің фенологиялық болжамы фитосанитариялық мониторингті уақтылы ұйымдастыру және зерттеу мерзімдерін оңтайландыру үшін маңызды. Зерттеудің мақсаты – 2003–2025 жылдардағы фитосанитариялық мониторинг деректері негізінде Қазақстанның агроклиматтық аймақтарындағы зиянды саяқ шегірткелер дернәсілдерінің жаппай шығу мерзімдерінің кеңістіктік ерекшеліктері мен көпжылдық динамикасын анықтау.
Материалдар мен әдістер. Қазақстанның әкімшілік аудандары бойынша зиянды саяқ шегірткелердің фенологиялық фазаларының басталу мерзімдері туралы көпжылдық деректер пайдаланылды. Дернәсілдердің жаппай шығуының күнтізбелік күндері жылдың реттік күндеріне (DOY) түрлендірілді. Кеңістіктік талдау аумақтың жылумен және ылғалмен қамтамасыз етілу көрсеткіштеріне негізделген агроклиматтық аудандастыруды ескере отырып жүргізілді. Аймақтар арасындағы айырмашылықтар Фридман критерийімен, кеңістіктік реттіліктің сәйкестігі Кендалл конкордация коэффициентімен, көпжылдық үрдістер Манн–Кендалл критерийі және Сен көлбеуін бағалау әдісімен бағаланды. Фенологиялық режимнің кеңістіктік тұрақтылығы Спирменнің рангтік корреляция коэффициенті бойынша бағаланды.
Нәтижелер. Қазақстанның агроклиматтық аймақтары арасында дернәсілдердің жаппай шығу мерзімдерінің айқын кеңістіктік саралануы анықталды. Ең ерте және ең кеш мерзімдер арасындағы айырмашылық 23 тәулікті құрады: аридті ыстық аймақта 21 сәуірден өте ылғалды қоңыржай жылы аймақта 14 мамырға дейін. Аймақтар арасындағы айырмашылықтар статистикалық тұрғыдан маңызды болды (χ²=226,0; p<0,001), ал кеңістіктік реттіліктің тұрақтылығы жоғары болды (W=0,983). Дернәсілдердің ертерек шығуына қарай статистикалық тұрғыдан маңызды үрдіс анықталды, оның жылдамдығы жылына −0,20 тәулік (p=0,010), бұл ретте кеңістіктік құрылым сақталды (ρ=0,995). Аудан мен жыл тұрақты әсерлері бар модель шығу мерзімдерінің вариациясының 98,9%-ын түсіндірді. Дернәсілдердің жаппай шығуынан кейін екінші жасқа өтуінің болжамды кезеңі 13–16 тәулікті құрады.
Қорытынды. Агроклиматтық аудандастыру зиянды саяқ шегірткелердің фенологиялық дамуының кеңістіктік біркелкі еместігін ескеруге мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер нақты далалық және агрометеорологиялық деректерді ескере отырып, фитосанитариялық зерттеулер мерзімдерін саралап жоспарлау және фенологиялық болжау жүйесін жетілдіру үшін пайдаланылуы мүмкін.