Түрлі-түсті түйнекті картоп қабығы мен жұмсағындағы антоцианин, фенолдық қосылыстар және флавоноидтардың мөлшерін салыстырмалы бағалау
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.51452/eaj.2026.3(131).2262Аннотация
Алғышарттар және мақсаты. Түрлі-түсті түйнекті картоп биологиялық белсенді қосылыстарға ие, соның ішінде антоцианиндер, фенолдық қосылыстар және флавоноидтар сияқты биоактивті қосылыстардың құнды көзі. Бұл қосылыстардың құрамы түйнек жұмсағының түсіне және анатомиялық бөлігіне байланысты айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Зерттеудің мақсаты әртүрлі түйнек түстері бар картоптың қабығы мен жұмсағындағы антоцианин, фенолдық қосылыстар және флавоноидтардың құрамына салыстырмалы биохимиялық талдау жүргізу.
Материалдар мен әдістер. Зерттеу нысаны ретінде Қазақстандық және шетелдік селекцияға жататын, түрлі-түсті түйнекті картоп пайдаланылды. Түйнектердің қабығы мен жұмсағы жеке-жеке талданды. Антоцианин, жалпы фенолдық қосылыстар және флавоноидтардың мөлшері спектрофотометриялық әдістермен анықталды. Алынған нәтижелер Microsoft Excel бағдарламасының көмегімен статистикалық өңдеуден өткізілді.
Нәтижелері. Зерттеу нәтижелері бойынша, картоп түйнектерінің қабығы мәйегінің түсіне қарамастан, жұмсағымен салыстырғанда антоцианин, фенолдық қосылыстар және флавоноидтардың едәуір жоғары мөлшерімен сипатталды. Антоциандардың ең жоғары мөлшері 17-223-10 селекциялық үлгісінде анықталып, қабығында 233,1 ± 2,17 мг/100 г құрғақ затты құрады. Фенолдық қосылыстардың ең жоғары мөлшері Олюшкада байқалып, 21,75 ± 3,08 мг/г құрғақ затты, ал флавоноидтардың ең жоғары мөлшері Олюшка (28,52 ± 0,28 мг/г құрғақ зат) және Киру (28,20 ± 0,13 мг/г құрғақ зат) селекциялық үлгілерінде тіркелді. Антоциандардың жоғары мөлшері Xisen 8 және Red Rose сорттарында да анықталды. Зерттелген барлық генотиптерде биологиялық белсенді қосылыстардың мөлшері қабықта жұмсағына қарағанда айтарлықтай жоғары болды.
Қорытынды. Зерттеу нәтижелері пигменттелген жұмсағы бар картоп түйнектерінің қабығы антоцианин фенолдық қосылыстар және флавоноидтардың ең бай көзі болып табылды. Антиоксиданттық қосылыстардың мөлшері бойынша 17-223-10 селекциялық үлгісі, сондай-ақ Олюшка, Xisen 8 және Red Rose сорттары ең перспективалы болып табылды. Алынған нәтижелер түрлі-түсті картоптың қабығы мен жұмсағын тағам өнеркәсібінде, функционалдық тағам өнімдерін өндіруде және табиғи антиоксиданттық ингредиенттер алу үшін кешенді пайдаланудың перспективалы екенін көрсетеді.