A Торийдің агроэкожүйелердегі рөлі: түсу көздері, «топырақ–су» жүйесіндегі миграциясы және тәуекелдерді төмендетудің сорбциялық тәсілдері
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.51452/eaj.2026.1(129).2156Ключевые слова:
торий (Th⁴⁺); радионуклидтер; торийдің геохимиясы; сорбция; су мен топырақты тазарту; экологиялық қауіпсіздік.Аннотация
Алғышарттар мен мақсат. Торий (Th) Th-232 негізіндегі отын циклдерімен байланысты стратегиялық элемент ретінде қарастырылғанымен, техногендік көздер арқылы су мен топыраққа түскен жағдайда агроэкожүйелер үшін ұзақ мерзімді экологиялық және санитарлық тәуекелдер тудыруы мүмкін. Осы шолудың мақсаты — агроландшафттардағы торийдің түсу жолдары мен «топырақ-су» жүйесіндегі миграциясын айқындайтын факторларды жүйелеу, сондай-ақ тәуекелдерді төмендетуге бағытталған сорбциялық және кешенді ремедиациялық шешімдерді жинақтау.
Материалдар мен әдістер. Зерттеу құрылымдалған аналитикалық шолу ретінде жүргізілді. Әдебиеттер Scopus, Web of Science, ScienceDirect және Google Scholar дерекқорларынан іріктеліп, 1990-2025 жж. жарияланымдар қамтылды. Іздеу Th(IV), торий геохимиясы, «топырақ-су» жүйесіндегі миграция, кешен түзілу және сорбция/ремедиацияға қатысты терминдер бойынша жүргізілді. Экологиялық мазмұны бар рецензияланған дереккөздер ғана енгізіліп, тек энергетикалық-инженерлік бағыттағы жұмыстар алып тасталды.
Нәтижелер. Торий су ортасында көбіне бөлшектік және коллоидтық фракциялармен байланысады, ал оның қозғалғыштығы pH, еріген органикалық заттар (DOC) және карбонаттылыққа тәуелді. DOC пен карбонаттылық еритін кешендердің түзілуін арттырып, коллоидтарды тұрақтандырып, торийдің дренаждық және жер асты суларына тасымалдануын күшейте алады. Агроландшафттарда торийдің мобилизациясы қышқыл органика, қалқыма бөлшектердің болуы және маусымдық гидрохимиялық ауытқулармен байланысты. Тәуекелді төмендету үшін коагуляция, мембраналық үдерістер, ионалмасу және адсорбция қарастырылады, ал қолданбалы тұрғыдан диатомит, бентонит, биосорбенттер және композиттер перспективалы. Сорбенттер шартты түрде минералдық және табиғи, биокөмірлі, сондай-ақ жоғары селективті функционалдық материалдар болып жіктеледі.
Қорытынды. Агроэкожүйелерде торийге байланысты тәуекелдерді азайту pH, DOC, тұздану және қалқыма бөлшектер бойынша мониторингті сорбция және иммобилизация шараларымен ұштастыруға негізделеді. Су үшін тиімді тәсіл – алдын ала коагуляциялау мен тұндырудан кейін сорбциялық қосымша тазарту (ал қажет болған жағдайда ионалмасу немесе мембраналық үдерістерді қолдану). Топырақта басым бағыт – торийді үстіңгі қабатта бекітетін барьерлік қоспаларды (табиғи сорбенттер, биокөмір, Fe-оксидтер, фосфаттарды) пайдалану. Сонымен қатар, екінші реттік қалдықтарды қауіпсіз басқару міндетті.