Биофизикалық әдістермен синтезделген нанобөлшектер және оларды өсімдік патогендеріне қарсы қолдануды модельдеу
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.51452/eaj.2026.1(129).2148Ключевые слова:
нанобөлшектер; биофизикалық синтез; фитопатогендер; антимикробтық белсенділік; ауыл шаруашылығыАннотация
Алғышарттар мен мақсат. Наноматериалдар өсімдіктерге төзімділік пен ауруларды бақылауда, қазіргі агротехникалық революцияда мықты құрал болып табылады. Азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін заманауи әдістермен шешу тиімділікті арттыруды және олардың адам ағзасына және қоршаған ортаға әсерін тереңірек түсінуді талап етеді. Осыған байланысты
биофизикалық әдістермен синтезделген нанобөлшектер өсімдік патогендеріне қарсы баламалы, экологиялық қауіпсіз құрал ретінде зерттеу өзекті. Зерттеудің мақсаты – металл және металл оксидтері нанобөлшектерінің фитопатогендерге қарсы биологиялық белсенділігін бағалау және олардың әсерін математикалық модельдеу.
Материалдар мен әдістер. Мақалада биофизикалық тәсілдер (лазерлік абляция және ультрадыбыстық кавитация) арқылы синтезделген күміс (Ag), мырыш оксиді (ZnO) және мыс оксиді (CuO) негізіндегі нанобөлшектердің өсімдік патогендеріне қарсы биологиялық белсенділігі зерттелді. Нанобөлшектердің морфологиясы, орташа өлшемі мен ζ-потенциалы
анықталып, фитопатогенді саңырауқұлақтар мен бактерияларға қарсы тиімділігі зертханалық жағдайда бағаланды. Нәтижелер нанобөлшектердің патогендердің өсуін айтарлықтай тежеу
қабілетіне ие екенін және оларды экологиялық қауіпсіз өсімдік қорғау құралдары ретінде қолдануға болатынын көрсетті. Тежеу деңгейінің концентрацияға тәуелділігі экспоненциалды модель арқылы сипатталды.
Нәтижелер. Синтезделген нанобөлшектердің өлшемі 18-32 нм аралығында болды, ζ- потенциалы –27...–32 мВ мәндерін көрсетті, бұл олардың коллоидтық тұрақтылығын дәлелдейді. Ең жоғары антимикробтық әсер күміс нанобөлшектерінде байқалды: F. oxysporum – 82 %, A. solani – 79 %, X. campestris – 88%. Тежеу деңгейі бөлшек өлшемі мен меншікті бетіне тәуелділігін
көрсетті. Математикалық модель тәжірибелік деректермен жоғары сәйкестік көрсетті (R²≈0,91– 0,95) және концентрация 50-100 мг/л аралығында қанығу аймағына өтетінін дәлелдеді.
Қорытынды. Биофизикалық әдістермен алынған металл және металл оксиді нанобөлшектері фитопатогендерге қарсы жоғары тиімділік көрсетті. Ұсынылған экспоненциалды модель нанобөлшек концентрациясы мен биологиялық әсері арасындағы сандық тәуелділікті сипаттап, өсімдік қорғау препараттарының оңтайлы дозасын болжауға мүмкіндік береді. Алынған нәтижелерден нанобөлшектерді экологиялық қауіпсіз өсімдік қорғау құралдары ретінде қолдану қажеттілігін ұсынуға болады.