Қазақстандағы картоптың құрғақ шірік ауруының негізгі қоздырғыштары болып табылатын микромицеттерді зерттеу
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.51452/kazatu.2025.3(127).2016Аннотация
Картоп (Solanum tuberosum L.) – әлемнің 159-дан астам елінде кеңінен өсірілетін, аса маңызды азық-түлік дақылдарының бірі. Өнімділік әлеуеті 60-100 т/га-ға дейін жеткенімен, сақтау барысында фитопатогендердің әсерінен түйнектердің шіруі өнімнің 60 %-ға дейін жоғалуына себеп болуы мүмкін. Сақтау кезеңінде кездесетін фитопатогендердің ішінде түйнек ұлпасының шіріп кетуін тудыратын Fusarium туысына жататын саңырауқұлақтар аса қауіпті қоздырғыштар қатарына жатады.Бұл зерттеу картоптың құрғақ шірік ауруының қоздырғыштарын кешенді түрде анықтауға бағытталған және морфологиялық, молекулалық әдістер мен патогендік қасиеттерді анықтайтын тестті қамтиды. Алынған деректер ауруға қарсы тиімді күрес шараларын әзірлеуге негіз бола алады.
Құрғақ шірік белгілері байқалған картоп түйнектерінен Alternaria, Talaromyces, Fusarium, Aspergillus және Penicillium туыстарына жататын саңырауқұлақ изоляттары бөлініп алынды. Түрлік идентификация ДНҚ секвенирлеу әдісі арқылы жүзеге асырылды. Alternaria, Talaromyces және Fusarium туыстарына жататын изоляттарға жүргізілген патогендік тест нәтижесінде олардың барлығы картоп түйнектерінде ауру тудыра алатыны анықталды, алайда зақымдану дәрежесі әртүрлі болды. Fusarium туысының өкілдері ең жоғары агрессивтілік танытып, екі айлық инкубация кезеңінде түйнек ұлпаларының толық ыдырауына себеп болды. Инфекцияланған түйнек ұлпаларынан сол изоляттардың қайта бөлініп алынуы және олардың морфологиялық әрі молекулалық сипаттамалары бойынша бастапқы штамммен сәйкестігі Кох постулаттарына толық сәйкес келіп, патоген мен ауру арасындағы байланысты растайды.
Fusarium туысына жататын саңырауқұлақтарға жүргізілген филогенетикалық талдау олардың генетикалық әртүрлілігін көрсетті: әртүрлі түрлер анық ажыратылып, статистикалық тұрғыдан сенімді қолдау тапқан жеке кладалар түзді. Бұл нәтиже түрлік жіктеудің негізділігін дәлелдейтін мультилокустық талдау әдісінің тиімділігін көрсетеді. Қазақстаннан бөлініп алынған F. sporotrichioides изоляттарының эталонды эпитип штаммымен топтасуы ITS және TEF-1α маркерлері негізінде оның таксономиялық сәйкестігін сенімді түрде растайды.